Ақорда

Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату жүйесін жетілдіруді тапсырды

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің сөзінше, ірі холдингтер мен шағын шаруа қожалықтары агрологистика орталықтарының қызметін кедергісіз пайдалана алуы тиіс.

«Жалпы, халықтық құрылыс аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ісіне де баса мән беру керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Сондықтан Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі бірлесіп, нақты шешімдерді қабылдауы қажет. Экономиканың негізгі салаларын дамыту үшін өнімді терең өңдеумен айналысатын, еңбек өнімділігін арттыратын жобаларға басымдық берген жөн. Бұл – басты талап», деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ірі инфрақұрылымдық бастамаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын, инженерлік жабдықтарды отандық өндірісте шығару қажеттігін атап өтті. Мұндай жобалар «Халықтық құрылыс» бағдарламасының тірегі болуы керек.

«Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол беруге болмайды. Бұл – маңызды талап. Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін озық технологиясы бар, қажетті сараптамалық тәжірибесі және жаһандық нарықтарға шығу мүмкіндігі зор әлемнің жетекші компанияларын, солардың ішінде отандық компанияларды да тартқан жөн. Инвестицияның тиімділігі жұмыс істей бастаған өндіріс орындарының санымен, сапасымен және оның экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Көп оқылғандар