Ақорда

Ғазиз Байтасов атындағы алғашқы медаль жұбайына табысталды

Сурет: ІІМ

Президенттің тапсырмасымен тағайындалған «Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов» ведомстволық медалінің алғашқы данасы батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиеваға табысталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл медаль қызметтік борышын атқару кезінде ерлік пен батылдық танытқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне беріледі.

«Полиция капитаны Ғазиз Байтасов өмірін қатерге тігіп, ерекше ерлік, жанқиярлық пен қызметтік борышқа адалдық көрсете отырып, бейбіт тұрғындарды қорғап қалды. Оның ерлік ісі Қазақстан тарихына мәңгілікке жазылды және Отанға жанқиярлықпен қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді», деп атап өтті ІІМ.

Ғазиз Әбдібекұлы Байтасов Жамбыл облысы Түймекент ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1992 жылы бастап, шамамен 20 жыл еңбек етті. 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, көлік ұрлаған және бірнеше күш құрылымдарының қызметкерін өлтірген лаңкесті ұстау операциясына қатысқан. Байтасов лаңкестің гранатасын денесімен жауып, өз өмірін құрбан ету арқылы адамдарды қорғап қалды. Батыр полиция қызметкерінің артында жұбайы мен екі ұлы қалды.

Еске салайық, былтыр қазанның 22-сі күні Астанадағы «Kinopark 7 IMAX Keruen» кинотеатрында «Капитан Байтасов» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті, туынды шынайы оқиғаға негізделген.

Көп оқылғандар