Сурет: ашық дереккөз
Премьер-министр Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдерге педагогтердің есептерінің барлық түрін тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл шара мұғалімдердің негізгі жұмысына қатысы жоқ артық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Оқу-ағарту министрлігі әкімдермен бірлесіп, әртүрлі платформалардағы қайталанатын есептерді алып тастап, олардың санын қысқартуы қажет.
«Балаларды оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігін арттыру, мұғалімдерге тән емес жүктемені азайту және олардың беделін қорғау мақсатында Оқу-ағарту министрлігіне әкімдермен бірлесіп, есептердің барлық түріне тексеру жүргізуді тапсырамын. Әртүрлі платформалардағы қайталанатын есептерді алып тастап, олардың санын қысқарту қажет», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Олжас Бектенов 10 желтоқсанға дейін мұғалімдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды күшейту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Инфрақұрылымды дамыту қорының жобалар тізіміне 20 инклюзивті мектептің құрылысы енгізіледі. Жаңа форматтағы кешендерде оңалту және сауықтыру кабинеттері қарастырылады.
Салалық министрліктер «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, мамандар тапшылығын азайту және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте диагностикалау бойынша шаралар әзірлеуге тиіс.
Мазмұнға өту
