Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресінің сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Кездесуде Президент сенаторды АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы көпсалалы ынтымақтастықтың даму қарқынына жоғары баға берді. Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың тұрақты өсімі атап өтілді.
Президент былтыр қарашада АҚШ-қа сапары кезінде қол қойылған екіжақты келісімдердің сапалы орындалуы маңызды екенін айтты. Осы ретте ол жыл соңында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысу үшін АҚШ-қа баратын сапары аясында ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы сенаторға Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі және Джексон-Вэник түзетулерінің күшін жою бойынша заңнамалық бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Стив Дэйнс Қасым-Жомарт Тоқаевқа АҚШ Президенті Дональд Трамптың жылы лебізі мен ықыласын жеткізді. Сенатор Қазақстанның жаңа Конституция қабылдағанын атап өтіп, Президентті саяси реформаларды табысты жүзеге асыруымен құттықтады.
Стив Дэйнс Негізгі заңға негіз болған қағидаттар мен құндылықтар Қазақстанды күшті әрі озық мемлекет ретінде жаңғыртуға берік негіз қалайтынына сенім білдірді. Әңгіме барысында халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Мазмұнға өту
