Премьер-министр «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асу барысын қарады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Жиында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министр «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бір реттік акциялардан экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясатқа айналғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың тиімділігі өткізілген іс-шаралар санымен емес, елді мекендердің жағдайының, халықтың экологиялық мәдениеті деңгейінің нақты өзгерістерімен және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығымен бағаланады. Бұған қол жеткізу үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді абаттандыру, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу, тиісті инфрақұрылымды, оның ішінде қалдықтарды қайта өңдеу объектілерін дамытумен байланысты жүйелі жұмыс істеуі қажет», деді Олжас Бектенов.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» аясында 1 млн-нан астам ағаш егіліп, 4 млн-нан астам адам, оның ішінде 510 мың ерікті қатысқан 200-ден астам экологиялық іс-шара өткізілді. Республика бойынша 76 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 413 мың тонна қалдық жиналып, шығарылды. Сондай-ақ 115,7 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді.

Үш жыл ішінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы аясында елді мекендерде 5,6 млн-нан астам ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд-тан астам көшет егілді.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жыл басынан бері 900 гектардан астам аумақ тазартылып, 3,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылғанын баяндады. Биыл 30 мың ағаш отырғызу жоспарланса, көктемде 19 мың көшет пен бұта отырғызылды. Өңірде 2027 жылға дейін қағаз және резеңке қалдықтарын қайта өңдеу цехын іске қосу жоспарлануда.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің баяндамасына сәйкес, өңірде 332 мыңнан астам ағаш отырғызылды. 3 мыңнан астам экологиялық акция мен сенбілікке 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1,2 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 380 тонна қоқыс шығарылды. «Түркістан» экобағы ашылды, қуаттау стансаларымен жабдықталған 33 электр автобус пайдалануға берілді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде 22 мың тоннадан астам қоқыс шығарылғанын баяндады. Облыста Өскемен қаласында «Таза Қазақстан», «Қайыңды тоғай», «Жасыл аймақ» және «Таулы Үлбі» секілді ірі экопарктер салынуда. Экологиялық акцияларға 330 мыңнан астам адам және 19 мың ерікті қатысты.

Үкімет басшысы барлық мемлекеттік органдарға тұжырымдамадағы іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын, нысаналы көрсеткіштердің толық жүзеге асуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасына жастар, волонтерлік ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен бизнестің қатысуын кеңейтуді тапсырды.

«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысында қалдықтарды басқару мәселелері қаралды. Олардың қатарында қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, энергетикалық кәдеге жарату, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын жаңғырту, энергия үнемдеу және экономиканың энергия тиімділігін арттыру бар.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, былтыр коммуналдық қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу үлесі 30,7%-ға жетіп, 2030 жылға қарай 40%-ға, ал өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуді 50%-ға жеткізу жоспарлануда. Өткен жылы анықталған 3 828 заңсыз қоқыс орнының 95%-ы жойылса, биылғы бірінші жартыжылдықта олардың саны 1983-тен 585-ке дейін азайды. Кәдеге жарату төлемі есебінен 374 млрд теңгеге 68 жоба мақұлданып, 12-сі іске қосылды. Сондай-ақ 2 755 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны жаңғыртылуда. Ауылдарда жаңа полигондар салу талаптары жеңілдетіліп, құрылыс кәдеге жарату төлемінен қаржыландырылады. «Экоқолдау» бағдарламасына 94 компания қатысып, 115 мың тоннадан астам қалдық қайта өңделді.

Ұқсас жазбалар

Көктемгі әскерге шақыру: 21 мың жас сапқа тұрды

Көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Қазақстанның Қарулы күштері 21 мыңнан астам азаматпен толықты. Жастарға арналған…

4 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі

4 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Атмосфералық фронттардың әсерінен республиканың көп жерінде…

Астана айналма жолында 3-9 шілде аралығында қозғалыс шектеледі

3-9 шілде аралығында Астана айналма жолының 8-22 шақырым учаскесінде жол жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалысқа уақытша…