Categories Көңіл ашар

Пластикалық хирургия: қайғылы оқиғалардан кейін қандай өзгеріс болады

Сурет: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Соңғы бес жылда Қазақстанда пластикалық ота мен косметологиялық процедуралар кезінде төрт адам қайтыс болды. Бұл саладағы қауіпсіздік мәселесі бірнеше қайғылы оқиғадан кейін қоғам назарына қайта ілікті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мамыр айының ортасында Алматыдағы жекеменшік клиникада танымал блогер Сәуле Базархан жоспарлы липосакция кезінде көз жұмды. Операция жергілікті анестезиямен жасалған. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Көп ұзамай Ақтауда тағы бір қайғылы жағдай болды. Иек пластикасынан кейін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов комаға түсіп, бір айдан соң қайтыс болды. Кейін оның операция алдында толық тексерілмегені анықталды. Марқұмның қандағы қант деңгейі жоғары болған, ал мұндай жағдайда хирургиялық араласу жасауға болмайды.

Осы оқиғалардан кейін Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия және эстетикалық медицина саласындағы клиникаларға жоспардан тыс тексеріс жүргізе бастады. Мәжіліс депутаттары да бұл бағыттағы бақылауды күшейтіп, барлық орталыққа кешенді ревизия жүргізуді ұсынып отыр.

– Өкінішке қарай, 20 жыл бұрын медициналық ұйымдарды тексеру талаптары әлсіреп, олар кәсіпкерлік субъектілері ретінде қарастырыла бастады. Денсаулық сақтау министрлігі қатаң тексеріс жүргізуі керек. Себебі бір аптаның ішінде екі адам өлімінің орын алуы жүйедегі олқылықтарды көрсетіп отыр, – деді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.

Дегенмен мұндай оқиғалар пластикалық отаға деген қызығушылықты төмендеткен жоқ. Әлемде эстетикалық процедураларға сұраныс жыл сайын артып келеді. Мұны Халықаралық эстетикалық пластикалық хирургия қоғамының (ISAPS) деректері растайды. Қазақстан бұл үрдістен тыс қалмай отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде елде «Пластикалық хирургия» лицензиясы бойынша 295 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның 247-сі жекеменшік, 48-і мемлекеттік мекеме.

Саладағы сұраныстың артуына байланысты пластикалық ота түрлері де көбейген. Ә.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының реконструктивті, пластикалық және эстетикалық хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Мисмил Мурадовтың айтуынша, қазақстандықтардың арасында танымал операциялардың бірі – ринопластика.

– Қазір көп пациент мұрын пішінін өзгерткісі келеді. Сонымен қатар блефаропластика, бет лифтингі, отопластика сияқты операцияларға сұраныс жоғары. Әйелдер босанғаннан кейін абдоминопластика мен липосакцияға жиі жүгінеді. Олар дене пішінін қалпына келтіріп, бұрынғы келбетін қайтаруды қалайды, – дейді дәрігер.

Сұлулыққа ұмтылған пациенттердің талабы әртүрлі. Профессор Мисмил Мурадовтың сөзінше, кейбір адамдар әлемге танымал жұлдыздардай болуды мақсат етеді. Бірі танымал актриса Анджелина Джолидікіндей келбетті қаласа, енді бірі әнші Дженнифер Лопестікіндей мүсінге қол жеткізуді армандайды. Дегенмен дәрігерлер ең алдымен медициналық көрсеткіштерге сүйенеді. Жүрек-қан тамыры аурулары, декомпенсацияланған қант диабеті мен жедел инфекциялық сырқаттар ота жасауға тікелей қарсы көрсетілім болуы мүмкін.

Соңғы жылдары күрделі эстетикалық оталарға деген қорқыныш азайып, мұндай араласуларды таңдаушылардың саны артқан. Тіпті кейбірі қаржыны үнемдеу мақсатында қауіпсіздік талаптары күмән тудыратын клиникаларға жүгінеді.

– Бұл инфекциялық асқынулардың, қан кетудің, эстетикалық нәтижеге қанағаттанбаудың, анатомиялық құрылымдардың зақымдануының және қайта операция жасау қажеттілігінің қаупін арттырады. Ең ауыр жағдайларда мұндай араласулар өмірге қауіп төндіруі мүмкін, – дейді Мисмил Мурадов.

Сұраныс пен тәуекел қатар жүрген нарықта баға саясаты да біркелкі емес. Операция құны клиниканың деңгейіне, маманның тәжірибесіне және процедураның күрделілігіне қарай өзгеріп отырады. Мәселен, блефаропластика – көз айналасындағы артық тері мен майды алып тастау арқылы көз пішінін жасартуға немесе ашық етуге бағытталған ота. Оның бағасы орта есеппен 120 мыңнан 400 мың теңгеге дейін, кей жағдайда 800 мың теңгеге дейін жетеді. Ал ринопластика мұрын пішінін түзетеді. Ол 850 мың теңгеден басталып, кейбір клиникаларда 2 миллион теңгеге дейін барады.

Липосакция – дененің белгілі бір аймағындағы артық майды хирургиялық жолмен алып тастау процедурасы. Оның құны таңдалған аймаққа байланысты өзгереді, иек аймағы шамамен 250 мың теңге болса, іш аймағына жасалатын ота орта есеппен 600 мың теңге тұрады. Бірнеше аймақты қамтитын липоскульптура – дене контурын қалыптастыруға арналған кешенді процедура. Оның бағасы 1–2,4 миллион теңге аралығында.

Абдоминопластика – іш аймағындағы артық тері мен әлсіреген бұлшықеттерді түзетуге бағытталған ота. Бұл қызметтің құны орта есеппен 1–1,7 миллион теңге шамасында. Ал кеуде үлкейту операциясы 1,2 миллион теңгеден басталса, кеудені кішірейту шамамен 1,5 миллион теңге көлемінде.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда алғашқы Монтессори ғылыми-зерттеу зертханасы ашылады

Абай университеті мен Перуджадағы Халықаралық Мария Монтессори орталығы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Тараптар Қазақстанда…

26 маусымда үйленуге ниет білдірушілер саны 4 мыңнан асты

Әлеуметтік желілерде бүгінгі үйлену тойларының қарқынын көрсететін бейнежазбалар жарияланып жатыр.

Балқаштағы «Balkhash Tour Fest» фестивалі 75 мыңнан астам туристі жинады

Балқашта өткен «Balkhash Tour Fest» фестивалі екі күн бойы көл жағасын думанға бөледі. Биыл туризм…