Сурет: ашық дереккөзден
Қазақстанда жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған пәтерлер мен үйлердің жалдау ақысын субсидиялау қағидалары қолданылады. Бұл — мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан бағдарлама, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта елімізде 11 мыңнан астам отбасы жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдауға ие. Бағдарламаның операторы — «Отбасы банкі» АҚ.
Атаулы көмек қағидаты бойынша жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет есебінен өтелсе, қалған 50 пайызын алушы өз қаражатынан төлейді.
2022 жылдан бері субсидия алған отбасылар саны 45 514-ке жетті. Алайда 34 246 алушымен жасалған шарт мерзімінен бұрын бұзылған. Оның ішінде 20 424 отбасы жалға берілетін немесе кредиттік тұрғын үйге ие болғандықтан, ал 13 822 отбасы қағида талаптарын сақтамағандықтан шарттан айырылған. Қазіргі таңда субсидия алушылар саны 11 268 отбасын құрайды.
«Мұндай қолдауға мынадай санаттағы азаматтар үміткер бола алады: бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, көпбалалы отбасылар. Бұл ретте отбасының әрбір мүшесінің соңғы 6 айдағы жиынтық табысы күнкөріс минимумының 1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Сондай-ақ санаттар бойынша тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте есепте тұрғанын растау қажет. Субсидия төлемдерін алу үшін өтінім «Отбасы банкі» АҚ-ның ресми сайты арқылы беріледі», — деп түсіндірді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Тұрғын үй қатынастары басқармасының басшысы міндетін атқарушы Дәубек Керімбаев.
Өтінім беру кезінде жалға берушінің келісімі ЭЦҚ арқылы расталуы тиіс. Барлық талап орындалса, «Отбасы банкі», субсидия алушы және жалға беруші арасында үшжақты шарт жасалады. Субсидиялар мемлекет тарапынан шартта белгіленген күнге сәйкес уақтылы төленеді.
Мазмұнға өту
