Сурет: Egemen Qazaqstan
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының басшысы Винсент Пикетпен кездесті. Тараптар алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде Нұрлан Әбдіров миссия мүшелеріне конституциялық реформаның негізгі ережелері, жоғары өкілді органды қалыптастырудың жаңа үлгісі және жаңартылған сайлау заңнамасы туралы айтты. Сондай-ақ ол сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, оларды оқыту, ашықтықты қамтамасыз ету, сайлаушыларды ақпараттандыру және байқаушылардың қатысуы жөніндегі шараларды баяндады.
Нұрлан Әбдіров ОСК мен ЕҚЫҰ ДИАҚБ арасындағы көпжылдық ынтымақтастықты атап өтіп, миссия ұсынымдарын дәйекті жүзеге асыру маңызды екенін жеткізді. Ол: «Өзара іс-қимылымыз саяси науқан тұсында да сындарлы сипатта жалғасатынына сенімдімін. Орталық сайлау комиссиясы халықаралық байқаушылардың өз қызметін еліміздің заңнамасына әрі халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асыруы үшін барлық жағдайды жасайды. ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның қорытынды есептерінде қамтылған ұсынымдармен жұмыс жүргіземіз», – деді.
Миссия басшысы Винсент Пикет Қазақстанның ЕҚЫҰ құрамындағы айрықша рөлін атап өтті. Ол: «Қазақстан – ЕҚЫҰ құрамындағы аса маңызды әрі беделді серіктес. Ел тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауын байқауға ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясын шақырғандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Қалыптасқан серіктестікті және жергілікті Орталық сайлау комиссиясымен жолға қойылған ашық әрі сындарлы диалогті жоғары бағалаймыз», – деді.
Кездесу қорытындысында ОСК сайлау науқанын заңнамаға сәйкес өткізіп, барлығына тең жағдай туғызатыны айтылды.
Мазмұнға өту
