Сурет: Ашық дереккөз
Орталық сайлау комиссиясының отырысында мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік мүгедектігі бар сайлаушылардың кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін дауыс беруге арналған үй-жайларды толыққанды жабдықтаудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. 2021 жылдан бастап Орталық сайлау комиссиясы отырыстарының тікелей көрсетілімдері, сондай-ақ барлық ақпараттық бейнематериалдар ымдау тіліне аударумен сүйемелденеді. 2022 жылдан бері дауыс беру бюллетеньдеріне арналған Брайль қарпімен трафареттер дайындалып келеді. Барлық сайлау учаскелері дауыс беру бюллетенін толтыру тәртібі бойынша аудионұсқаулықтармен қамтамасыз етіледі. 2025 жылдан бастап «Шырақ» мүгедек әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі және Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен барлық сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен қажеттіліктері жөніндегі бейнеоқыту курсы әзірленіп, қолданылып келеді. Жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметін көрсетуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға сайлау инфрақұрылымының қолжетімділігін тексеру жұмыстарына мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін белсенді түрде тартуды ұсынамыз, — деді Ләззат Сүйіндік.
Сондай-ақ дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар сайлаушылар туралы мәліметтерді өзектендіру қажеттігі атап өтілді.
Мазмұнға өту
