Сурет: ЭТРМ
Орталық Қазақстандағы «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында орналасқан «Әліби» реинтродукциялау орталығында Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны дүниеге келді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл халықаралық реинтродукция бағдарламасы аясында Қазақстанға әкелінген жылқылардан алынған тұңғыш төл. Еркек құлын туғаннан кейін көп ұзамай өздігінен тұрып, енесінің соңынан еріп, сүтін еме бастаған. Мамандардың бақылауынша, екеуінің де жағдайы жақсы.
Құлынның енесі – 2024 жылы Берлин Тирпаркінен Қазақстанға жеткізілген жеті жасар Тесса. Бұл оның алғашқы төлі.
Пржевальский жылқысын Қазақстанға қайтару бағдарламасы 2024 жылы басталды. Сол жылы 7, 2025 жылы тағы 7, ал 2026 жылы 8 жылқы жеткізілді. 2029 жылға дейін Қазақстанға шамамен 40 жылқы әкелу жоспарланып отыр.
Алғашқы құлынның дүниеге келуі жануарлардың Қазақстан даласының табиғи жағдайларына сәтті бейімделіп жатқанын көрсететін маңызды нәтиже. Бағдарламаның түпкі мақсаты – табиғи ортада өздігінен көбейе алатын Пржевальский жылқысының тұрақты популяциясын қалыптастыру.
Мазмұнға өту
