Басты тақырып

Оңтүстік Корея президенті Тоқаевқа қылмыскерлерді ұстауға қолдау білдіргені үшін алғыс айтты

Сурет: © AP Photo / Kim Hong-Ji

Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мён алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топты ұстауға қолдау білдіргені үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ли Чжэ Мённың айтуынша, Оңтүстік Корея азаматтары Камбоджа мен Вьетнам арқылы Қазақстанға келіп, алаяқтықпен айналысқан. Олар ұсталып, екі апта ішінде Корея Республикасына қайтарылған. Корея көшбасшысы операцияны жүргізуге қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнайы алғыс білдірді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі X парақшасында жазған.

«Ұстау шарасынан бастап елге жеткізуге дейінгі жұмыстың жедел атқарылуы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауы мен ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және тиісті тараптарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Келесі айда өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммитінде тікелей жүздесіп, алғысымызды жеке жеткізуге мүмкіндік болады деп сенеміз. Корея Республикасы азаматтарының қауіпсіздігі мен бейбіт өміріне қатер төндіретін қылмыстарға қарсы ешқандай ерекшелік жасалмайды. Қай жерде жасырынса да, оларды соңына дейін іздеп тауып, міндетті түрде заң алдында жауапқа тартамыз», делінген жазбада.

Еске салайық, жақында блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды. Сондай-ақ ірі көлемде алаяқтық жасаған Қазақстан азаматы Грузиядан елге қайтарылды.

Көп оқылғандар