Қаржы

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеке салық енгізу жоспарланбайды — министрлік

Сурет: «ӨзА» ақпарат агенттігі

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жеке салық түрі қарастырылмайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі БАҚ-та тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Ведомство өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеке табыс салығын (ЖТС) енгізу мәселесі қазіргі уақытта қаралмайтынын мәлімдеді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында салық заңнамасын жетілдіру талқыланған кезде қатысушылар өзін-өзі жұмыспен қамту институтын дамытудың әртүрлі тәсілдерін қарастырған. Пікір алмасу барысында реттеудің кейбір ықтимал нұсқалары айтылғанымен, бұл тек сараптамалық пікірталас деңгейінде қалды.

Бүгінгі таңда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін ЖТС енгізу бойынша ешқандай шешім қабылданған жоқ. Бұл алдағы кезеңнің де күн тәртібінде тұрған мәселе емес. Жаңа Салық кодексінің шеңберінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін тек әлеуметтік төлем төлеу көзделген, барлығы 4% (табыс айына 300 АЕК-тен аспайтын жағдайда, қызмет жалдамалы жұмыскерлерді тартпай жүргізіледі және рұқсат етілген тізбеге кіреді), — делінген хабарламада.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтық мәртебесі мәселесі биылғы 21 шілдеде Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жобалық кеңес отырысында қаралған. Қорытынды бойынша Әлеуметтік және Кәсіпкерлік кодекстерге өзгерістерді ағымдағы түзетулер пакетіне қоспау туралы шешім қабылданды.

Министрліктің мәліметінше, бұл мәселеге жаңа режимді қолдану тәжірибесі жинақталып, нәтижелері талданғаннан кейін келесі жылы қайта оралу жоспарланып отыр.

Көп оқылғандар