Сурет: yuz.uz
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тан футболшыларының қатаң тексеруден өтуіне қатысты ресми түсініктеме сұратты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Өзбекстан құрамасының ойыншылары мен өкілдерінің АҚШ қауіпсіздік қызметтері тарапынан қосымша тексеруден өтіп жатқанын көрсететін кадрлар тараған еді. Қызметкерлер олардың жүгін тексеріп, арнайы детекторларды қолданып, кинологтарды тартқан.
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Омонулла Файзиевтің айтуынша, Нью-Йорктегі Бас консулдық арқылы аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме сұратылған.
Ол Өзбекстан тарапы ірі халықаралық турнир кезіндегі қауіпсіздік шараларының маңызын түсінетінін, алайда мұндай рәсімдер спорттық жарыстардың рухына кері әсер етпеуі тиіс екенін атап өтті.
Футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Өзбекстан құрамасы өз тарихында алғаш рет турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алып отыр. Команда K тобында Колумбия, Португалия және Конго Демократиялық Республикасының құрамаларымен кездеседі.

