Сурет: Aikyn.kz
Физика және медициналық технологиялар саласында зерттеу жүргізген қазақ ғалымы Манат Мәуленбайұлы дүниеден өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қаралы хабарды Қазақстанның халықаралық ғылым және технологиялар қауымдастығы (QIST) жеткізді.
Манат Мәуленбайұлы ғылым жолын Қытай ғылым академиясында бастаған. Кейін физика бойынша Нобель сыйлығын алған профессор Самуэль Тинг басқаратын зерттеу тобында еңбек етті. Ғылыми ізденісін Швейцариядағы Цюрих федералдық технология институтында (ETH Zürich) және Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымында (CERN) жалғастырды. Кванттық электродинамика саласында докторлық дәрежеге ие болды.
Кейін АҚШ-қа қоныс аударған ғалым физика саласындағы білімін медицинада қолдануға ден қойды. Ол 2025 жылы өкпе обырын ерте анықтауға көмектесетін, жасанды интеллектке негізделген медициналық кескіндерді талдау технологиясын әзірлеумен айналысатын AIxSCAN, Inc. компаниясының негізін қалаушылардың бірі атанды.
Қазақстанның халықаралық ғылым және технологиялар қауымдастығы ғалымның әлемдік ғылым мен технологияның дамуына қосқан үлесін атап өтіп, отбасы мен жақындарына, әріптестеріне көңіл айтты.
Мазмұнға өту
