Сурет: ашық дереккөзден
Непал мен Тибет шекарасындағы жойқын су тасқыны мен көшкіннен қаза тапқандар саны 750 адамға жетті, оның 16-сы Тибетте қаза тапты. Бұл туралы The Kathmandu Post басылымына сілтеме жасап, Egemen.kz хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Непал билігінің соңғы деректері бойынша, табиғи апаттан елде 750 адам қаза тауып, 2 498 адам хабар-ошарсыз кеткен. Жоғалғандардың 589-ы шетел азаматтары.
Қазіргі уақытта зардап шеккен барлық аудандарда іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Құтқару және гуманитарлық операцияларға 19 895 қауіпсіздік қызметкері тартылған, оның ішінде Непал армиясының 8 399 әскери қызметшісі, 7 213 полиция қызметкері және Қарулы полиция күштерінің 4 203 қызметкері бар.
Ресми мәліметтерге сәйкес, күштік құрылымдар апат аймағынан 8 186 адамды құтқарды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кейбір аудандарда су деңгейінің қайта көтерілу қаупі сақталуда. Дхадинг округінің тұрғыны Атма Шрестха су тасқынын бақылау қызметінен екінші толқынның жақындағаны туралы ескерту алғанын айтты.
Оның сөзінше, өзеннің жоғарғы бөлігінде жиналған су ағыны бөгетті бұзып, төмен қарай бағыт алған. Осыған байланысты тұрғындарға дереу қауіпсіз әрі биік жерге көшу тапсырылған.
Табиғи апат құрбандарының көп болуы мәйіттерді сәйкестендіру жұмыстарын қиындатып отыр. Билік аты-жөні анықталмаған марқұмдарды сақтау және жеке басын анықтау рәсімдерін жүргізу үшін мәйіттерді түрлі аудандардағы 21 ауруханаға жеткізген.
Еске салайық, 26 тамызда Непалдың солтүстігінде нөсер жауыннан кейін су тасқыны мен көшкіндер болып, елді мекендер, автомобиль жолдары және басқа да инфрақұрылым нысандары зардап шеккен еді. Табиғи апат салдарынан жүздеген адам қаза тауып, көптеген тұрғын хабар-ошарсыз кеткен.
Құтқару жұмыстарына 13 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Бұған дейін Непал мен Қытай шекарасы маңында үш қазақстандық азаматтың болғаны және оларды іздестіру жұмысы жүргізіліп жатқаны туралы айтқан болатынбыз.
