Қоғам

Негізгі ҰБТ кезінде 890 ереже бұзушылық анықталды

Сурет: Ғылым және жоғары білім министрлігі

2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге 233 мыңға жуық талапкер қатысты. Оның 73,1%-ы қазақ тілінде, 26,8%-ы орыс тілінде, ал 383 адам ағылшын тілінде тест тапсырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілді. Осылайша, 233 мың талапкер ҰБТ-ны 422 мың рет тапсырды (2025 жылы 210 мың талапкер 381 мың рет тапсырған).

Тестілеу қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың 76%-ын құрайды. Бес пән бойынша орташа балл 69 болды. Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир және Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия (ҚАЗТЕСТ конвертациясы арқылы) жинады. 821 адам 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасалғандықтан, ҰБТ-ға 800 талапкер қатысты.

Электронды форматтағы ҰБТ-да апелляцияға өтініш беру оңай әрі ыңғайлы. Тестілеу қорытындыларымен келіспеген жағдайда талапкер бірден электронды түрде апелляцияға жүгіне алады. Биыл 95 мыңнан астам апелляция өтініші қабылданып, оның ішінде 152 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылды. Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, сертификаттар жеке кабинетте қолжетімді.

ҰБТ өткізу барысында 890 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 522 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 361 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кейбір тестіленушілерден смарт-сағаттар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталса, ҰБТ нәтижелері жойылады.

Көп оқылғандар