Сурет: ашық дерекөзден
15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында елімізде «Назар аударыңыз – балалар!» атты жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шараның басты мақсаты – балалардың жолда, мектепте және күнделікті өмірде қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Полиция қызметкерлері мектеп автобустарының техникалық жағдайын, сондай-ақ мектеп маңындағы жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін тексеруде. Анықталған кемшіліктерді жою шаралары қабылдануда.
Мектептердегі қауіпсіздікке ерекше назар аударылуда. Бейнебақылау камераларын полицияның жедел басқару орталықтарына толық қосу жұмыстары жүргізілуде. Әр мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Олар балалармен кездесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, түрлі жағдайларда дұрыс әрекет етуді үйретуде.
Бала қауіпсіздігі – тек полиция мен мектептің міндеті емес, ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі. Күн сайын балаңызбен қауіпсіздік туралы бірнеше минут сөйлесіңіз. Жолды тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өту, жолдан өтерде жан-жағына қарау, телефонға алаңдамау, бейтаныс адамдармен бірге кетпеу сияқты қарапайым ережелерді үнемі еске салып отырыңыз.
Әрқашан сақ және мұқият болыңдар. Егер бір нәрсе қауіпті немесе күмәнді болып көрінсе, үндемей қалмаңдар. Бұл туралы міндетті түрде ата-аналарыңа, мұғалімге немесе полиция қызметкеріне айтыңдар. Баланың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Бірге қамқор болсақ, әр бала мектепке аман барып, үйіне қауіпсіз оралады.
