Қоғам

Министрлік ҰБТ-нің шекті және өту балдарының айырмашылығын түсіндірді

Сурет: istockphoto.com

Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-нің шекті және өту балдарының айырмашылығын түсіндірді. Бұл мәселе білім гранттарын бөлу нәтижелері жарияланғаннан кейін талапкерлер арасында жиі талқыланған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаеваның айтуынша, талапкердің білім гранты конкурсына қатысуы үшін белгіленген шекті балды жинауы қажет. Сонымен қатар жекелеген жоғары оқу орындары мен білім беру бағдарламалары қосымша талаптар белгілеуі мүмкін.

«Ең алдымен, белгіленген шекті балл конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін шарт екенін атап өткім келеді. Ал нақты өту балы конкурстық бөлу барысында қалыптасады және грант саны мен конкурсқа қатысушылардың нәтижелеріне байланысты болады», деді Жанна Есинбаева.

Министрлік ҰБТ нәтижелері бірдей болған жағдайда талапкерлердің басымдығы қалай анықталатынын да түсіндірді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, балдары тең болған жағдайда «Алтын белгі» иегерлеріне, патриотизм мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін «Ерекше» белгісімен марапатталғандарға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын бітіріп, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл еңбек өтілі бар түлектерге басымдық беріледі.

Егер осы критерийлер қолданылғаннан кейін де талапкерлердің нәтижелері тең болса, білім туралы құжаттағы – аттестаттағы, куәліктегі немесе дипломдағы орташа балл ескеріледі. Бұдан кейін де көрсеткіштер бірдей болған жағдайда бейіндік пәндер бойынша нәтижелер қаралады.

Еске сала кетейік, 7 тамызда мемлекеттік білім гранттарының иегерлері анықталды. Биыл мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін 127 мыңнан астам өтініш қабылданған.

Көп оқылғандар