Сурет: Ерлан ОМАР/ Egemen.kz
Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жеті айында білім беру ұйымдарында тамақтан улану жағдайлары өткен жылмен салыстырғанда төрт есеге азайған. Биыл екі оқиға тіркеліп, 13 бала зардап шеккен, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың осы кезеңінде білім беру нысандарына байланысты 8 тамақтан улану фактісі тіркеліп, 118 бала медициналық көмекке жүгінген. Биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеген.
Министрлік мұны Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында балалар болатын нысандардағы мемлекеттік бақылаудың күшейтілуімен байланыстырады.
Бұған дейін Маңғыстау облысындағы білім беру ұйымдарында тамақтан улануға қатысты бірнеше топтық жағдай тіркелген болатын. Осыдан кейін балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған қосымша шаралар қабылданды.
2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балалар болатын нысандарға мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін қарастыратын заңға қол қойды. Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енді.
Бұл тетік білім беру ұйымдарындағы санитариялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейтіп, ықтимал қауіптерді ертерек анықтауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында Тамақтану стандарты және бірнеше нұсқадан тұратын үлгілік перспективалық мәзір қолданыла бастады.
Жаңа талаптар балалардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұған қоса, азық-түліктің қауіпсіздігіне, оны сақтау мен дайындау жағдайларына ерекше талап қойылады.
Денсаулық сақтау министрлігі балалардың қауіпсіздігі басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Ведомствоның міндеті тек анықталған заңбұзушылықтарға шара қолдану емес, сонымен қатар тамақтан улануға әкелуі мүмкін қауіптердің алдын алу екенін мәлімдеді.
Министрліктің айтуынша, баланың сырқаттануының бір ғана жағдайы тіркелсе де, тиісті тексеру жүргізіліп, қажетті шаралар қабылдануы керек.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің өңірлердегі білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмысы жалғасып жатыр. Балалардың қауіпсіздігі, мектептердің санитариялық жағдайы және білім беру ұйымдарындағы тамақтану сапасы Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін Қандыағаш қаласында өткен банкетке қатысқан 102 адамның улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған едік.
Мазмұнға өту
