Қоғам

Мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет жүйесі меритократия, заңдылық және ашықтық қағидаттарына негізделген. Сондықтан, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қабылдау конкурстық іріктеу арқылы жүзеге асырылады. Бұл азаматтардың мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу құқығын қамтамасыз ететін маңызды құқықтық тетік болып табылады.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында конкурс өткізілместен мемлекеттік қызметке тағайындау мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл тәртіп тек заңда белгіленген негіздері болған кезде ғана қолданылады.

Соның бірі — Президенттің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектерін қолдау мақсатында әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурстан тыс орналасу мүмкіндігін беру.

Ағымдағы жылы 19 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясына сәйкес, академия түлектеріне қатысты жаңашылдық енгізіліп, енді түлектер оқуын тәмамдаған күннен бастап екі жыл ішінде (бұрын бір жыл) конкурстық іріктеуден өтпей әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға тағайындала алады.

Түлектер жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда, мәслихат аппараттарында, тексеру комиссияларында,      сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелеріндегі лауазымдарға орналаса алады (Астана мен оның аудандарындағы мемлекеттік органдарды қоспағанда).

Бұл норма мемлекеттік қызметке арнайы даярлықтан өткен, мемлекеттік басқарудың заманауи әдістерін меңгерген мамандарды тартып, мемлекеттік аппараттың сапасын арттыруға, меритократия қағидатын дамытуға және елімізде кәсіби мемлекеттік қызметті одан әрі нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар, жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту мақсатында жоғары оқу орындарының үздік түлектерін мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылдау институты енгізілді.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын уәкілетті орган белгілеген деңгейден төмен емес үлгерім көрсеткішімен    (GPA – кемінде 3,33) аяқтаған түлектер оқуын тәмамдаған күннен бастап бір жыл ішінде конкурс өткізілместен әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналаса алады.

Аталған мүмкіндік ең алдымен аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдіктердің, сондай-ақ мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріндегі төменгі лауазымдарға қатысты қолданылады.

Жаңадан қабылданған Заң талаптарына сәйкес, 1 шілдеден бастап бұл мүмкіндік тек мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған түлектерге ғана емес, оқуын ақылы негізде оқып, GPA көрсеткіші кемінде 3,33 болатын түлектерге де берілді.

Осылайша, мемлекеттік қызметке талантты жастарды тарту тетігі кеңейтіліп, олардың оқу нысанына емес, академиялық жетістігіне басымдық берілетін болды.

Аталған норма енгізілгеннен кейін (2023 жылдан бастап), аудан мен ауылдағы төменгі лауазымдарға 87 түлек қабылданды.

Конкурссыз тағайындау кезінде үміткерлер мемлекеттік қызметке қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Атап айтқанда, үміткерлердің қажетті білімі, еңбек өтілі және тиісті лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігі қаралып, мемлекеттік қызметке кіру шектеулерінің болмауы міндетті шарт болып табылады.

Заңнамада берілген конкурстан тыс тағайындалу мүмкіндігі жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыруға, дарынды кадрларды мемлекеттік қызметте ұстап қалуға және меритократия кағидаттарына негізделген кәсіби мемлекеттік аппараттың қалыптасуына өң әсерін тигізеді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті

Көп оқылғандар