Басты тақырып

Мемлекет басшысы Xiaomi корпорациясының президенті Лу Вэйбинмен кездесті

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы жоғары технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі Xiaomi корпорациясының президенті Лу Вэйбинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрлық экономиканы қалыптастыруға, жасанды интеллект пен жоғары технологиялық өнеркәсіпті дамытуға басымдық беретінін айтты.

Мемлекет басшысы өңірде Xiaomi брендіне сұраныс артып келе жатқанын атап өтті. Компанияның озық технологияларды игерудегі тәжірибесін ескере отырып, жасанды интеллект, есептеуіш қуаты, «бұлтты» технологиялар және цифрлық платформаларды дамыту бойынша бірлескен жобаларды іске асыру әлеуетін зерделеу ұсынылды.

Лу Вэйбин корпорацияның стратегиялық даму жоспарымен таныстырды. Xiaomi басшылығы Қазақстан мен Орталық Азия нарығында дистрибуцияны барынша реттеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар күрделі ЖИ-жүйелерге қызмет көрсету үшін жергілікті мамандарды даярлау мәселесі де қарастырылуда.

Президент еліміздің электромобиль, аккумулятор өндірісін жолға қоюға және интеллектуалдық көлік жүйелерін дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Xiaomi компаниясының Қазақстан нарығында қызмет аясын кеңейтуге және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған бастамаларын қолдауға дайын екенін растады.

Көп оқылғандар