Басты тақырып

Мемлекет басшысы «Қазақстан-Қытай цифрлық көпірі» жобасын іске қосуды ұсынды

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу салтанатында трансұлттық цифрлық инфрақұрылым құру және ЖИ саласындағы саясатты үйлестіру бойынша бірқатар ұсыныс жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан–Қытай цифрлық көпірі» жобасын іске қосуды ұсынды.

«Біз «Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру. Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн. Жасанды интеллектіні реттейтін ұлттық саясат пен заңдық тетіктерді өзара үйлестіру айрықша мәнге ие. ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стандарттарын түзу де өте маңызды. Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек. Келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынамыз. Қытай Үкіметі мұны қолдаса, зор ризашылықпен қабылдар едік», деді Мемлекет басшысы.

Президент Қытайдың жоғары технологиялар бойынша көш бастаған әлемдік державаға айналғанын атап өтті. Ол жұртшылықтың ЖИ-ді түсініп, бағалау және реттеу қабілеті оның мүмкіндіктерінен артта қалып жатқанын айтты.

«Сондықтан мен Ұйымға мүше мемлекеттер мен мүдделі тараптардың барлығын жасанды интеллект стандарттары мен этикасын реттейтін тұрақты сарапшылық платформа құруға шақырамын. Сайып келгенде, ЖИ-дің болашағын адамдар айқындайды. Сондықтан алдағы уақытта аталған саланы жетік меңгерген мамандарға сұраныс күшейеді. Біз жастарды цифрлық машықтарды игеруге, сыни ойлауға, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкершілікке баулуымыз керек. Осыған орай Қазақстан Дүниежүзілік Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы аясында халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын және академиялық серіктестік құруды ұсынады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік ЖИ конференциясының ашылуына қатысты. Сондай-ақ ол Қазақстанның бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және жан-жақты өркендеу жолында ЖИ әлеуетін пайдалануға ниетті серіктестермен ықпалдастық орнатуға дайын екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Президент Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен кездесті. Президент кездесуде қытайлық серіктестерге ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікке жоғары баға берді.

Көп оқылғандар