Басты тақырып

Мемлекет басшысы БҚО әкімі Нариман Төреғалиевті қабылдады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Президент Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевті қабылдап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Әкімнің айтуынша, өңірлік жалпы өнім үш жылда 13,6 пайызға өсіп, 2026 жылдың басында 5 триллион теңгеге жеткен. Өткен жылы тартылған инвестиция көлемі 874,5 миллиард теңгені құрап, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға артық.

Сондай-ақ, бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы туралы толық ақпарат ұсынылды. Жуырда Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 5 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыттың құрылысы басталады. Жобаның құны – 1,7 триллион теңге.

Жыл соңына дейін Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын бастау жоспарланған. Соңғы үш жылда облыста құны 138 миллиард теңге болатын 121 әлеуметтік нысан салынған.

1542 шақырым автокөлік жолы жөнделген. Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу бекеті жаңғыртылып жатыр, ал келесі жылы «Тасқала» бекетінде де осындай жоба басталады. Сонымен қатар, төрт теміржол вокзалы жаңадан салынып немесе жаңғыртылып, пайдалануға берілді.

Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 320 миллиард теңгеге жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1414 жоба қаржыландырылып, 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. «Қаладан – ауылға» бағдарламасы бойынша мыңнан астам адам ауылға қоныс аударып, 218 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген.

Президент өңірді одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жұмысын жалғастыруды тапсырды.

Көп оқылғандар