Басты тақырып

Мемлекет басшысы АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресінің сенаторы Стив Дэйнсті кездесуде қабылдады. Мемлекет басшысы сенаторды АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы көпсалалы ынтымақтастықтың даму қарқынына жоғары баға берді. Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың тұрақты өсімі атап өтілді.

Президент былтыр қарашада АҚШ-қа жасаған сапары барысында қол қойылған екіжақты келісімдердің сапалы орындалуы маңызды екенін айтты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысу үшін АҚШ-қа баратын сапары аясында екіжақты ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы сенаторға Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі, сондай-ақ Джексон-Вэник түзетулерінің күшін жою жөніндегі заңнамалық бастаманы ілгерілетуде елімізді қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Стив Дэйнс Қасым-Жомарт Тоқаевқа АҚШ Президенті Дональд Трамптың жылы лебізі мен ықыласын жеткізіп, қазақ-америка қарым-қатынасын кеңейтуге бейілділігін білдірді. Сенатор Қазақстанның жаңа Конституция қабылдағанына ерекше тоқталып, Президентті ауқымды саяси реформаларды табысты жүзеге асыруымен құттықтады.

Стив Дэйнс Негізгі заңға негіз болған қағидаттар мен құндылықтар Қазақстанды қуатты әрі озық мемлекет ретінде жаңғыртуға берік негіз қалайтынына сенім білдірді. Әңгіме барысында халықаралық және аймақтық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Көп оқылғандар