Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Вице-премьер Президентке мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясат салаларында жаңа Конституция ережелерін іске асыру барысын, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын баяндады.
Аида Балаева заңнаманы жаңа Ата заңға сәйкестендіру, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру, цифрлық кеңістікті дамыту, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту, отбасы және жастар саясаты, волонтерлік қызмет пен қоғамдық бақылау салаларында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Сонымен қатар вице-премьер жаңа білім, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық нысандарын құру, дәстүрлі өнерді қолдау мен білікті маман даярлау бағыттарында еліміздің мәдени инфрақұрылымын жандандыру жөніндегі ұсыныстарды жеткізді.
Мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Аида Балаева білім, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, спорт және туризм салаларын дамыту жайында әңгімеледі. Ведомствоаралық ықпалдастықты күшейтуге, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, адами капиталды дамытуға, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және әлеуметтік сала инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше мән берілді.
Президент мәдениет, ақпараттық саясат, оқу-ағарту, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау сияқты маңызды салалардағы Үкіметтің атқарған жұмысы туралы Премьер-министр орынбасарының ақпаратын оң бағалады.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы өзекті әлеуметтік мәселелерді жедел шешу үшін тиісті ведомстволар жұмысын одан әрі жандандыру қажет екеніне назар аударды.

