Сурет: Оқу-ағарту министрлігі
Күзгі демалыс 2026 жылдың 26 қазанынан 1 қарашасына дейін жалғасады, оқу 2 қарашада басталады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, демалыс 7 күнге созылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде балалардың қосымша білім алу мүмкіндіктері кеңейіп келеді.
Қазақстанда 2,9 мыңға жуық қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Өнер және музыка мектептері, оқушылар сарайлары, спорт мектептері мен шығармашылық орталықтар балаларға қызығушылығына сай қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
«Күзгі демалыс кезінде балалар отбасымен уақыт өткізіп, кітап оқып, спортпен және шығармашылықпен айналыса алады. Мектептер балалардың бос уақытын мазмұнды өткізуге арналған шаралар ұсына алады. Оларға қатысу ерікті. Балалардың қызығушылығы мен отбасының жоспары ескерілуі тиіс. Мұндай шараларды ұйымдастыру педагогтерге қосымша әкімшілік жүктеме түсірмеуі және есептілікті көбейтпеуі тиіс. Шаралар ұйымдастырылған жағдайда оларды өткізуге және балалардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар алдын ала белгіленеді. Балалардың қатысуы ата-аналармен келісіледі. Мектептен тыс шараларда жауапты ересектердің бірге жүруі қамтамасыз етілуі қажет», делінген ақпаратта.
Министрлік ата-аналарға балаларына үйде, көшеде және интернетте қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіріп, сақ болуды ескертеді.
Айта кетейік, Қазақстанда жұмыс беруші қызметкерді демалыс немесе мереке күндері оның жазбаша келісімімен ғана жұмысқа тарта алады. Заңда көзделген ерекше жағдайларда келісім талап етілмейді. Ал қосымша жұмыс үшін қызметкерге басқа демалыс күні берілуі немесе кемінде 1,5 есе ақы төленуі керек.
Мазмұнға өту
