Қоғам

Мектеп рюкзагының салмағы қандай болуы керек? Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Жаңа оқу жылы қарсаңында Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға мектеп рюкзагын таңдауда маңызды талаптарды еске салды. Толық жиналған рюкзактың салмағы баланың дене салмағының 10 пайызынан аспауы тиіс, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Рюкзактың әдемі дизайны мен сыйымдылығы ғана емес, оның жеңілдігі, баланың бойына сәйкестігі, арқаға ыңғайлы орналасуы және иыққа артық салмақ түсірмеуі де маңызды.

Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-76 бұйрығына сәйкес, оқу құралдарының ұсынылатын салмағы оқушы жасына қарай белгіленген: 1–3 сыныптар үшін – 2 килограмға дейін, 4–5 сыныптар үшін – 2,5 килограмға дейін, 6–7 сыныптар үшін – 3,5 килограмға дейін, 8–11 сыныптар үшін – 4,5 килограмға дейін. Бұл нормалар күнделікті оқу жиынтығына қатысты, рюкзактың өз салмағы есептелмейді.

Мамандар оқулықтар мен құралдарды қосқандағы жалпы салмақ бала салмағының 10 пайызынан аспауын ұсынады. Мысалы, оқушы 30 килограмм болса, сөмке 3 килограмнан ауыр болмауы керек.

Сатып алу кезінде рюкзакты баламен бірге таңдап, арқаға салып көру ұсынылады. Кең әрі жұмсақ иықбаулар, тығыз арқа бөлігі, реттелетін иықбаулар, жарық шағылыстыратын элементтер, берік әрі су өткізбейтін материал – басты назар аударатын сипаттамалар.

Бос рюкзактың салмағы 1 килограмнан аспауы керек, ал рюкзак баланың белiнен төмен түспеуі тиіс. Артық заттарды үйде қалдыруға кеңес беріледі, себебі тіпті ыңғайлы рюкзак қажетсіз заттармен ауырлауы мүмкін.

Ата-аналарға рюкзакты мезгіл-мезгіл тексеріп, қажетсіз ойыншықтар мен артық дәптерлерді алып тастау ұсынылады. Баланы рюкзакты екі иыққа асып жүруге үйрету маңызды, бұл жүктемені біркелкі бөледі. Мүмкіндік болса, оқулықтардың бір бөлігін сыныпта қалдыруға болады.

Мектепке шығар алдында рюкзакты тексеруге бірнеше минут жеткілікті: артық заттарды алып тастау, иықбауларды реттеу, салмағын бағалау. Негізгі қағида – балаға ыңғайлы рюкзак, артық заттардың болмауы және салмақтың 10 пайыздан аспауы.

Көп оқылғандар