Қоғам

Мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтердің жалақысын көтеру жоспарлануда

Сурет: ашық дереккөз

Мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтердің жалақысын арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен қатар инклюзивті білім беруге берілетін қосымша төлем мөлшері де ұлғайтылмақ. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметтегі брифингте мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, педагог қызметкерлердің еңбекақысы Үкіметтің №11-93 қаулысымен реттеледі. Бюджетті қалыптастыру кезінде министрлік төлемдерді өзгерту жөнінде бірнеше рет ұсыныс білдірген. Алайда бұл үшін 20 мемлекеттік органның келісімі қажет, әрі Қаржы министрлігінің ұстанымы маңызды.

«Қазіргі таңда әлеуметтік педагог 118 мың теңге алады. Жақында педагогтің айлығы туралы мәселені тағы қарастырдық. Оның шешімі қаражатқа байланысты», деді ол.

Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік педагогтердің еңбекақысын көбейту мәселесі министрлік үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ведомство бұл мәселені шешу үшін бар мүмкіндікті жасап жатыр.

Министр мектеп психологтарына қатысты биыл білім ордаларында «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізілгенін хабарлады. Бұл курсты педагог-психологтер жүргізеді. Оның пікірінше, мамандардың балалармен жұмыс істеу және сабақ өткізу тәжірибесі болуы керек.

Психологтердің жалақысы оқу жүктемесіне қосымша сағаттар енгізілуіне қарай өседі.

Сонымен қатар қазіргі мөлшері 18 мың теңге болатын инклюзивті білім беруге арналған қосымша төлемді де арттыру жоспарланып отыр. Сүлейменованың айтуынша, биыл министрлік инклюзивті білім берудің стратегиясына өзгерістер енгізді. Ол өзгерістер қосымша төлем мөлшерін арттыруды көздейді.

Қосымша төлемнің нақты мөлшері келесі жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде Қаржы министрлігімен келісілгеннен кейін анықталады.

Айта кетейік, келесі жылдан бастап елімізде бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш өзгереді. Жаңа жылда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 693 теңге, ал күнкөріс деңгейі 55 173 теңге болады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ең төменгі зейнетақы 74 919 теңгеге, ал ең төменгі базалық зейнетақы төлемі 38 622 теңгеге дейін жетеді. Ал ең төменгі жалақы мөлшері өзгермейді. 2027 жылы ол қазіргі деңгейінде, яғни 85 мың теңге болып қалады.

Көп оқылғандар