Басты тақырып

Мажарстан президенті қызметінен кетуге мүмкіндік беретін түзетуге қол қойды

Сурет: Pixabay

Мажарстан президенті Тамаш Шуйок премьер-министр Петер Мадьярдың «Тиса» партиясы ұсынған Конституцияға енгізілген түзетуге қол қойды. Бұл өзгеріс мемлекет басшысын қызметінен босатуға жол ашады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент Facebook-тегі бейнеүндеуінде барлық құқықтық мүмкіндіктерді саралап, ар-ожданына сүйене отырып, Конституциядағы міндетін орындау туралы шешім қабылдағанын айтты. Ол парламенттің шешімімен келіспейтінін білдіріп, бұл түзету саяси билікті асыра пайдаланудың ұятты мысалына айналуы мүмкін екенін атап өтті. Шуйоктың пікірінше, мұндай өзгерістен кейін президент институты тепе-теңдік пен тежемелік рөлінен айырылады.

13 шілдеде Мажарстан парламенті президентті қызметінен босатуға мүмкіндік беретін Конституцияға түзетуді мақұлдады. Петер Мадьяр ұсынған бастаманы 199 депутаттың 139-ы қолдап, алтауы қарсы дауыс берді. Виктор Орбанның «Фидес» партиясы дауыс беруге қатыспады.

Мажарстан заңнамасы бойынша президентті қарапайым парламенттік дауыс беру арқылы қызметінен босату мүмкін емес, ол үшін Конституцияға өзгеріс енгізу қажет. Мұны парламентте үштен екі көпшілікке ие «Тиса» партиясы жүзеге асырды.

Құқық қорғаушылар бұл шешімнің қауіпті құқықтық тәжірибеге айналуы мүмкін екенін ескертеді. Amnesty International Тамаш Шуйоктың заң талаптарына сай әділ рәсімге құқығы бар екенін мәлімдеді. Ал Human Rights Watch мұндай әрекеттерді «Фидес» билігі кезеңіндегі саяси тәжірибені еске салатын қадам деп бағалады.

Премьер-министр Петер Мадьяр халықтың демократиялық таңдауын елемеуге болмайтынын айтып, Шуйокқа деген сенімнің едәуір төмендегенін жеткізді. 21 Research Center орталығының мамыр айындағы сауалнамасына сәйкес, сайлаушылардың 67 пайызы президенттің қызметтен кетуін қолдайды.

Көп оқылғандар