Басты тақырып

Майами – Сиэтл рейсінде жолаушылар бортсеріктерді қорқытты

Сурет: freepik

Alaska Airlines әуе компаниясының Майами – Сиэтл бағытындағы рейсінде жолаушылар ұшақ ұшар алдында бортсеріктерге ұшақты басып алатындарын айтып, қоқан-лоқы жасаған. Бұл туралы New York Post газетіне сілтеме жасап, Egemen.kz хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға әуе кемесі ұшуға дайындалып жатқан кезде болған. Ұшқыш диспетчерлерге борттағы тәртіптің бұзылғанын және жолаушылардың бортсеріктерге қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын хабарлаған. Экипаж ұшақты бұғаттау режимін енгізіп, полицияны шақыртқан.

Барлық жолаушы ұшақтан түсірілген. Тексеру барысында теракт жасау немесе әуе кемесін басып алу қаупі жоқ екені анықталған. Оқиғаға қатысы бар екі жолаушы басқа рейске ауыстырылған, ал ұшақ Сиэтлге кешігіп ұшып кеткен.

Айта кетейік, бұған дейін Анталия – Астана рейсінде де жолаушы жанжал шығарып, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен еді. Ішімдік ішкен ер адам өзін агрессивті ұстап, былапыт сөздер айтып, басқа жолаушыларға кедергі келтірген.

Көп оқылғандар