Қоғам

Магистратураға грантқа құжат тапсыру мерзімі белгіленді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуден 58 мыңға жуық адам өтті. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа балл 77, ал бейінді бағыт бойынша 24 балл болды. Ең жоғары көрсеткіш – 139 балл, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тестілеу кезінде 94 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның 69-ы тыйым салынған заттарды (смартфон, шпаргалка) алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тағы 25 адам ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.

Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет.

Грант конкурсына құжаттар 12-18 тамыз аралығында қабылданады. Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттардың ЖЖОКБҰ-ға қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.

Конкурсқа қатысу үшін жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы), КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда) қажет. Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.

Көп оқылғандар