Қоғам

Магистратура грантының иегерлері 24 тамызда белгілі болады

Сурет: istockphoto.com

2026-2027 оқу жылына арналған магистратура гранттарының иегерлері 24 тамызда сағат 15:00-де жарияланады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, республикалық комиссия магистратураға мемлекеттік гранттарды тағайындау бойынша жұмысты аяқтап, үміткерлердің өтініштерін қараған. Конкурс қолданыстағы ережелерге сай өткізілген.

Іріктеу нәтижелері Ғылым және жоғары білім министрінің ресми парақшалары мен министрліктің ақпараттық ресурстарында жарияланады.

«Биыл магистратура гранттарының конкурсына қатысу үшін 23 мыңға жуық өтініш қабылданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мыңға артық. Үміткерлер арасында «Педагогикалық ғылымдар», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», сондай-ақ «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» білім беру бағыттарына сұраныс жоғары болды», деді министр.

Магистратураға құжат қабылдау 28 тамызға дейін жалғасады. Еске салайық, 7 тамызда мемлекеттік білім гранттарының иегерлері анықталған еді. Биыл грант конкурсына 127 мыңнан астам өтініш түскен.

Көп оқылғандар