Сурет: Egemen Qazaqstan
Мәжілісте БАҚ қызметкерлері күніне орай журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздары жарияланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Салтанатты шарада Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, жеті номинация бойынша үздік деп танылған 17 адамды марапаттады. Ол журналистердің ел дамуына қосқан үлесі мен парламенттік журналистикадағы еңбегін атап өтті. Спикер Мәжілістен хабар таратып, заңдарды насихаттап жүрген тілшілерге бірлескен жұмыс үшін алғыс білдірді.
Бүгін өздеріңізбен тарихи оқиға қарсаңында кездесіп отырмыз. Санаулы күннен кейін жаңа Ата заң күшіне енеді. Оны Тәуелсіздік шежіресінің жаңа парағы деуге болады. Сіздер осы тарихи өзгерістердің бел ортасында жүрсіздер. Ата заңды әзірлеу жөніндегі Конституциялық комиссияның құрамында 10-ға жуық журналист жемісті жұмыс атқарды. Өткен референдумда да, Парламент қабырғасында конституциялық заңдар қабылдау кезінде де елдік іске бәріңіз жұмылып атсалыстыңыздар. Сіздер Мемлекет басшысының реформалары мен бастамаларын халыққа жан-жақты түсіндіруге үнемі күш салып келесіздер. Алдағы уақытта да осы жолда жемісті еңбек ете бересіздер деп сенемін, — деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасы «Парламент сөзі» байқауы биыл 10-шы рет өткізіліп отырғанын, осы уақыт ішінде 150-ден астам БАҚ өкілі сыйлық алғанын айтты.
«Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясын «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Орынбек Пазылов пен «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Юлия Магер иеленді. «Үздік телевизиялық сюжет үшін» номинациясы «Qazaqstan» телеарнасының тілшісі Самал Қабышеваға, «7 канал» телеарнасының журналисі Асемгуль Касеноваға, «Астана» телеарнасының тілшісі Ақбота Газизоваға берілді.
«Үздік бейне-сурет материалы үшін» номинациясымен Jibek Joly телеарнасының операторы Сапарақын Шәріпхан, «Үздік интернет және радио материалы» номинациясымен Inbusiness.kz сайтының тілшісі Балжан Смаилова, Informburo.kz сайтының журналисі Мария Пичененко, «Шалқар» радиосының жүргізушісі Гүлнұр Доскеева және «QR.News» ақпараттық сайтының редакторы Сапарғали Қанат марапатталды.
«Арнайы репортаж» номинациясын 24.kz телеарнасы «Mazhilis.live» бағдарламасының жүргізушісі Назым Кенжебаева, КТК телеарнасының журналисі Анна Абрамова, Tiek.kz сайтының редакторы Бақытнұр Әлібай алды.
«Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясымен Нағашыбай Қабылбеков пен Айнур Коскина марапатталды. «Парламент сөзі» арнайы номинациясы «Айқын-Литер» ұжымы мен «Еуразия» Бірінші арнасы» ұжымына табыс етілді.

