Сурет: Egemen Qazaqstan
Мәжілісте Палата спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Черногория Президенті Яков Милатовичті қабылдады. Бұл екі ел арасындағы мемлекет басшысы деңгейіндегі алғашқы сапар, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде парламентаралық іс-әрекеттің негізгі бағыттары мен екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Ерлан Қошанов Қазақстан мен Черногория арасында өзара сенімге негізделген сындарлы саяси диалог қалыптасқанын атап өтті.
Биыл біз дипломатиялық байланыстардың орнағанына 20 жыл толуын атап өтеміз. Осы уақыт ішінде Астана мен Подгорица арасында өзара сенімді саяси диалог қалыптасты. Оған Сіздің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке кездесулеріңіз ықпалын тигізді. Бүгінгі бірлескен мәлімдемеде атап өтілгендей, елдеріміз осы серіктестік байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүдделі. Парламент депутаттары ретінде, біз оған заңнамалық деңгейде барынша қолдау көрсетуге әзірміз, – деді Палата спикері.
Ерлан Қошанов Черногория Президентіне Қазақстандағы саяси реформалар мен жаңа Конституцияның референдумда қабылданғаны туралы айтты. Нәтижесінде билік тармақтарының жұмысы қайта жүйеленіп, бір Палаталы Парламентке көшуге құқықтық негіз қалануда. Халық Кеңесі сияқты жаңа институттар құрылуда.
Парламентаралық байланысқа тоқталған Мәжіліс төрағасы Черногория Парламентінің спикерімен тұрақты байланыста екенін және Мәжілісте Скупщинамен депутаттық достық тобы жұмыс істейтінін айтты. Ол екіжақты деңгейде де, халықаралық парламентаралық ұйымдарда да байланысты нығайтуды қолдайтынын жеткізді.
Яков Милатович қонақжайлық үшін алғыс айтып, Подгорицаның екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін білдірді. Ол Черногория Қазақстандағы өзгерістерді жоғары бағалайтынын және парламентаралық диалогты, экономикалық және мәдени-гуманитарлық жобаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.
Кездесуде туризм, цифрландыру, көлік, логистика, денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен жобалар мен сауда-инвестициялық байланыстарды дамыту мәселелері қаралды.

