Сурет: Egemen Qazaqstan
Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата өз жұмысын аяқтады. Қорытынды отырыста Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палата мүшелеріне заң шығару қызметіне белсене араласқаны үшін алғыс білдіріп, олардың жетістіктерін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ерлан Қошанов Қоғамдық палатаның ауқымды саяси өзгерістер мен азаматтық қоғамның рөлі күшейген кезеңде құрылғанын айтты. Ол Мемлекет басшысының көшелер мен алаңдардағы пікірталас Парламент қабырғасына өтуі керек деген сөзін еске салып, Қоғамдық палатаның осыған жауап ретінде құрылғанын жеткізді. Спикердің айтуынша, атқарылған жұмыс мазмұнды, қоғам сұранысына сай және нәтижелі болды, ал Қоғамдық палата елдің жаңа саяси жүйесінде лайықты орын алды.
Мәжіліс төрағасы Қоғамдық палатаның ел дамуындағы өзекті мәселелер бойынша сындарлы пікір айтылатын ашық алаңға айналғанын атап өтті. Палата мүшелері тек бақылаушы емес, заң шығару процесінің толыққанды қатысушысы болды. Олар заң жобаларына жүздеген тұжырымдамалық ұсыныс жолдап, олардың біразы қабылданды.
Қоғамдық палата мүшелері қоғамдағы күрделі тақырыптарды талқылауға белсенді қатысып, мемлекет пен азаматтар арасында ашық диалогты қамтамасыз етті. Олар Алматыда Мүлік иелерінің бірлестігі мен Пәтер иелері кооперативтерінің проблемалары бойынша кездесулер өткізді, Бурабайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес заңнамасының орындалуын талқылады, Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелерін көтерді.
Мәжіліс спикері Қоғамдық палата отырыстарында жеңіл тақырып болмағанын айтты. Талқыланған мәселелер қатарында заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң, жаңа Салық кодексінің нормалары, масс-медиа туралы заң, Құрылыс пен Цифрлық кодекстер, жасанды интеллект туралы заң, жергілікті өзін-өзі басқару, лудомания, есірткі қолдану мен тарату және басқа мәселелер бар.
Ерлан Қошанов Қоғамдық палатаның әр мүшесіне табандылығы, принциптілігі, жоғары белсенділігі мен жауапкершілігі үшін ризашылық білдірді. Олардың депутаттармен бірге заң шығару қызметінде елеулі із қалдырғанын атап өтті.
Мәжіліс төрағасы биыл 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енетінін еске салды. Оның нормаларына сәйкес, күзде Қазақстан Республикасының бір палаталы Құрылтайы құрылады. Спикер Қоғамдық палатаның тәжірибесі мен дәстүрлері Құрылтай жұмысында жалғасатынына сенім білдірді.
Қоғамдық палатаның төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым сегізінші сайланым барысында палатаның 30 отырысы, оның ішінде 10 көшпелі отырыс өткенін айтты. Осы жиындардың қорытындысы бойынша Мәжілістің салалық комитеттері мен уәкілетті мемлекеттік органдарға 500-ден астам ұсыным жолданды.
Ол Қоғамдық палата мүшелері Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына, Конституциялық комиссияға және «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының ақпараттық жұмысына белсенді қатысқанын атап өтті.
«Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова Қоғамдық палатаның құрылуын соңғы жылдардағы ең маңызды институционалдық шешімдердің бірі деп бағалады. Оның пікірінше, қысқа уақыт ішінде Қоғамдық палата Парламенттің, азаматтық қоғамның, сарапшылар қоғамдастығының, бизнес пен кәсіби бірлестіктердің бірлескен іс-әрекетінің маңызды алаңына айналды. Зәуреш Батталова институционалдық жадыны сақтап, жинақталған нәтижелерді сарапшылар қауымының келесі құрамына берудің маңызды екенін айтты.
Еуразиялық тұтынушылар одағының басқарма басшысы, Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Светлана Романовская жасанды интеллект технологияларын пайдаланып коммерциялық емес ұйымдардың тәжірибе алмасуы үшін бірыңғай алаң құруды ұсынды. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата сияқты алаң Парламентке де, сарапшыларға да қажет екенін айтты. Ол сондай-ақ Мәжілістің сегізінші сайланымы пікір алуандығымен ерекшеленетінін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша Мәжіліс төрағасы Қоғамдық палата мүшелеріне алғыс хаттар табыс етті.

