Спорт

Любовь Ковальчук ауыр атлетикадан әлем чемпионатында алтыншы орын алды

Сурет: ТСМ

Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан ересектер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жарыстың соңғы күні әйелдер арасында +86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сайыстар өтті. Қазақстан атынан Любовь Ковальчук сынға түсіп, қос сайыстың қорытындысы бойынша 263 келі (116+147) нәтиже көрсетіп, алтыншы орынға тұрақтады.

Бұл салмақта Ян Ли (Қытай) 317 келімен (147+170) жеңімпаз атанды. Пак Хе Чон (Оңтүстік Корея) 286 келімен (125+161) екінші, Ким Хе Йон (Оңтүстік Корея) 277 келімен (118+159) үшінші орынды иеленді.

Қазақстан құрамасы Нинбодағы әлем чемпионатын бір күміс медальмен аяқтады. Күміс жүлдені 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрғиса Әділетұлы жеңіп алды. Сонымен қатар ол жұлқа және серпе көтеру жаттығулары бойынша екі кіші күміс медальға қол жеткізді.

Ауыр атлетикадан келесі әлем чемпионаты 2027 жылы Арменияның Ереван қаласында өтеді. Ал 2028 жылғы әлем біріншілігін Астана қабылдайды.

Көп оқылғандар