Сурет: Egemen Qazaqstan
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесе отырып, Лу Бань шеберханасы ашылды. Бұл орталық Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде бағалануда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін еліміздегі алғашқы Лу Бань шеберханасы Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ашылған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол орталықтың жұмысымен танысып, оның қызметін бағалаған болатын.
Биыл 22 мамырда ЕҰУ-дың 30 жылдығына орай Лу Бань шеберханасының ашылу салтанаты өтті. Шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлин қатысты.
Жобаны ЕҰУ-дың цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова ұсынған. Оның айтуынша, бастама 2024 жылы басталып, жақында меморандумға қол қойылған. Шеберхананы қаржыландыру Тяньцзинь кәсіптік институты тарапынан 6-9 миллион юаньды құрады. Ғылыми кешен жасанды интеллект, робототехника және цифрлық өндіріс бағыттарында жұмыс істейді. Онда заманауи технологиялармен жабдықталған бес мамандандырылған зертхана бар. Олардың ішінде коллаборативті роботтар зертханасы, компьютерлік көру, дрондар, жоғары өнімді есептеулер зертханасы және автоматтандырылған өндірістік желі зертханалары бар.
Лу Бань шеберханасы базасында жасанды интеллект бойынша алғашқы пилоттық курс өткізілді. Оқу бағдарламасын аяқтаған оқытушылар мен мамандарға сертификаттар берілді. Курсқа еліміздің 10 жетекші жоғары оқу орнынан 30-ға жуық оқытушы қатысты. Олар ЖИ технологияларын оқытудың заманауи әдістерін меңгеріп, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырды.
Қатысушылар өз университеттерінің білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект элементтерін енгізуге бағытталған практикалық шешімдерді әзірледі. Бұл бастама жоғары білім саласында цифрлық технологияларды дамытуға және болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Шеберхана ашылғаннан бері студенттер мен оқытушылардың бірлескен жобалары нәтиже беріп жатыр. Мысалы, көне руна жазуларын оқитын роботтандырылған жүйе жасалды. Бұл жүйе тарихи мұраларды зерттеуді жеңілдетіп, ескі жазуларды автоматты түрде анықтап, цифрлық форматқа көшіреді.
Сондай-ақ өсімдік өскіндерін талдау және сапасын бақылау жобасы биологтар мен экологтарға арналған. Сандық жүйе өсімдіктің өсу кезеңдерін дәл анықтап, ауру белгілерін тауып, оларды сұрыптайды.

