Қоғам

«Күміс жас» жобасы: 50 жастан кейін де мүмкіндік бар

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанда 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Күміс жас» жобасы жалғасуда. Жыл басынан бері жобаға 9,2 мыңнан астам адам қатысты, бұл жоспардың 92 пайыздан астамының орындалғанын көрсетеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоба арқылы жұмысқа орналасқандар саны бойынша Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе және Жамбыл облыстары алдыңғы қатарда. Қатысушылардың 54,4 пайызы – әйелдер, ал 63,2 пайызы – ауыл тұрғындары.

«Күміс жас» 50 жастан асқан, жұмыс іздеп жүрген және Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға арналған. Қатысу мерзімі 36 айға дейін созылады. Қолдау аясында мемлекет жұмыс берушіге қызметкердің жалақысының бір бөлігін өтеуге көмектеседі, ай сайынғы субсидия мөлшері 30 АЕК-тен аспайды.

Субсидия көлемі үш жыл ішінде біртіндеп өзгереді: бірінші жылы – жалақының 70 пайызы. Жобаның маңызды талаптарының бірі – жұмыс беруші бағдарлама аяқталғаннан кейін қызметкерді тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуі тиіс.

Зейнеталды жастағы қатысушыларға жоба аяқталған соң кемінде бір жыл тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Ал 58 жастан асқан азаматтар зейнет жасына жеткенге дейін жұмысын жалғастыра алады.

Абай облысының тұрғыны Қарлығаш Абылғазина «Күміс жас» бағдарламасына үш жыл қатысып, кәсіби білімі мен тәжірибесін көрсетті. Бүгінде ол «Тынышбаев» жеке кәсіпкерлігінде аспаз болып тұрақты жұмыс істейді.

«Жоба арқылы мен жұмыс тауып, тұрақты табысқа қол жеткіздім. Өзімді әлі де қажет әрі сұранысқа ие маман ретінде сезіндім. Елу жастан асқаннан кейін жақсы жұмыс табу оңай емес. Сондықтан «Күміс жас» мен үшін үлкен қолдау болды. Үш жыл ішінде өз мүмкіндігімді көрсетіп, қазір тұрақты жұмыс істеп жүргеніме қуаныштымын. Өз қатарластарыма айтарым жаңа мүмкіндіктерді пайдаланудан қорықпаңыздар. Бұл жаста да өмір жалғасады, кәсіби дамуға да мүмкіндік бар», деді Қарлығаш Абылғазина.

Қатысушылардың жетістігі жас ұлғайған сайын кәсіби мүмкіндіктердің азаймайтынын көрсетеді. Көп жылғы тәжірибе мен дағды жұмыс берушілер үшін құнды мамандарды таңдауға жол ашады. Бұл жоба үш тарапқа да тиімді: қатысушылар тұрақты табыс тауып, кәсіби қызметін жалғастырады, жұмыс берушілер тәжірибелі мамандарды тартады, ал мемлекет еңбекке қабілетті азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасайды.

Көп оқылғандар