Сурет: BILD
Краков орталығында адамдарға оқ жаудырған күдіктінің есімі Михал О. екені белгілі болды. Польша прокуратурасының дерегінше, ол шабуылға дейін өз отбасының үш мүшесін – ата-анасы мен әпкесін өлтірген болуы мүмкін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кейін ол көлігімен Краковтың орталық базар алаңына келіп, AR-15 жартылай автоматты винтовкасынан адамдарға ретсіз оқ жаудырған. Салдарынан 6 адам қаза тауып, 15 адам жарақат алды. Зардап шеккендер арасында Германия, Аустрия, Португалия, Ресей және Ұлыбритания азаматтары бар.
Полиция күдіктіні атыс кезінде ұстады. Ол да жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Көлігінен қосымша қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылдаушыны екі полиция қызметкері тоқтатқан. Ішкі істер министрі Марчин Кервиньскийдің айтуынша, полиция жедел әрекет етіп, алғашқы дабыл түскеннен кейін үш минут өткенде күдіктіге оқ атқан.
Польша премьер-министрі Дональд Туск X әлеуметтік желісіндегі парақшасында полиция қызметкерлерінің ерлігін атап өтті.
«Аға полиция қызметкерлері Якуб Кулик пен Артур Мораньский – нағыз батырлар. Олар өз өмірлеріне төнген қауіпті елемей, көптеген адамның өмірін сақтап қалды. Қазір жағдайлары ауыр, бірақ оларға ең жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетіліп жатыр», деп жазды ол.
Польша Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті әсіре оңшыл идеологияны ұстанып, радикалды көзқарастарды қолдаған. Оның әскери киім кигеніне байланысты Польша Қарулы күштерінің қатарында қызмет еткені туралы ақпарат тараған. Алайда билік өкілдері оның әскерде болмағанын мәлімдеді.
Қазір шабуылдың себептері тергеліп жатыр.
Мазмұнға өту
