Сурет: Инфографиканы жасаған – Гүлмәрия ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»
Қазақстанда көлеңкелі экономиканың үлесі соңғы төрт жылда біртіндеп азайып келеді. Ұлттық статистика бюросының нақтыланған деректеріне сәйкес, өткен жылы бұл көрсеткіш ІЖӨ-нің 15,69 пайызын құрады, бұл соңғы жылдардағы ең төмен деңгейлердің бірі.
Өткен жылы елдің ІЖӨ көлемі 159,6 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде шамамен 25 трлн теңгенің экономикалық қызметі ресми статистикада толық есепке алынбаған. Көлеңкелі экономиканың небәрі 1,07 пайызы ғана заңсыз әрекеттен құралса, қалғаны – түрлі себеппен есепке толық енбей отырған заңды шаруашылық қызметке тиесілі.
EconomyKZ.org порталының сарапшысы Лина Егелқызының айтуынша, назар аударатын жайт – бір жылғы нәтиже емес, төрт жыл бойы жалғасқан төмендеу үрдісі.
«Әдетте мұндай көрсеткіштер валюта бағамы, шикізат бағасы немесе бақылау шараларының ықпалымен құбылып тұрады. Ал елде көлеңкелі экономиканың үлесі төрт жыл қатарынан бірқалыпты азайып келеді. Бұл кездейсоқ құбылысқа ұқсамайды», дейді сарапшы.
Көрсеткіш құрылымында да оң өзгеріс байқалады. Қызмет көрсету саласындағы көлеңкелі экономиканың үлесі 2021 жылғы 13,49 пайыздан 11,05 пайызға дейін тұрақты төмендеген. Тауар өндірісінде де көрсеткіш 6,26 пайыздан 4,64 пайызға дейін азайғанымен, бұл бағытта 2022 жылы уақытша өсім тіркелген. Сарапшының пікірінше, көлеңкелі экономиканың қысқаруы жалпы экономиканың бәсеңдеуінен емес. Керісінше, былтыр ел экономикасы нақты өсіммен 6,5 пайыз ұлғайды. Өнеркәсіп – 7,7 пайыз, сауда – 8,1 пайыз, көлік және қоймалау – 19,4 пайыз, құрылыс 17,5 пайыз өсті.
Әдетте құрылыс пен сауда сияқты бейресми есеп айырысу жиі кездесетін салалар қарқынды дамығанда көлеңкелі экономиканың үлесі де қатар өседі немесе кем дегенде өзгеріссіз қалады. Ал елімізде бұл салалардың өсімі көлеңкелі экономиканың қысқаруымен қатар жүріп отыр. Сарапшылар мұны экономиканың біртіндеп заңдастырылып, ресми есепке көбірек тартылып келе жатқанын көрсететін белгі деп бағалайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мазмұнға өту
