Көктемгі шақыру қорытындысы: Қазақстан әскері 21 мыңнан астам азаматпен толықты

Көктемгі шақыру науқаны аясында Қазақстанның Қарулы күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат шақырылды.

Олардың ішінде 11 мыңнан астамы Қарулы күштердің қатарында мерзімді әскери қызметін өтейтін болса, 7 мыңнан астамы – ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуығы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 400-ге тарта – Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300 азамат – Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді.

Әскери қызметке шақыру туралы хабарламалар азаматтарға SMS-хабарлама және eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы жолданды. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату рәсімдері автоматты түрде іске асырылды.

Шақыру науқаны барысында Қорғаныс министрлігінің Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, азаматтарды әскерге шақыру мәселелері бойынша жан-жақты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. «Қауырт желі» телефондары, азаматтарды жеке қабылдау және ақпараттық-түсіндіру кездесулері барысында шақырылушылар мен олардың ата-аналары өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толыққанды жауап алды.

Жергілікті атқарушы органдар шақыру іс-шараларын ұйымдастыруды және өткізуді, шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысын қамтамасыз етіп, олардың тиімді қызметі үшін қажетті жағдай жасады.

Бүгінде Қарулы күштер қатарындағы қызмет жас азаматтарға еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгеруге мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Әскери қызмет кезінде банктер мен қаржы ұйымдары алдында міндеттемелері бар сарбаздарға несиелік демалыс беріледі. Ал әскери қызметін аяқтағаннан кейін жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткендер жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранты негізінде түсе алады. Қалғандары ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы бөлімге қабылдану мүмкіндігіне ие болады.


Ұқсас жазбалар

Жаңа Конституция және білім экономикасы: ғылым мен жоғары білімнің стратегиялық басымдықтары

Жаңа Конституцияның күшіне енуі – ел тарихындағы маңызды кезең. Ата Заңда алғаш рет адам капиталын,…

Мемлекеттің заңсыз әрекеттерінен келтірілген залалды өтеу құқығы конституциялық деңгейде бекітілді

Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы — елдің негізгі заңы күшіне енді.

«Әділет» партиясы жаңа Конституцияның күшіне енуін талқылады

«Әділет» партиясында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған партия активінің кездесуі өтті.