Көктемгі әскерге шақыру: 21 мың жас сапқа тұрды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Қазақстанның Қарулы күштері мен басқа да әскери құралымдары 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азаматпен толықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Олардың 11 мыңнан астамы Қарулы күштерде мерзімді қызмет өтейді. 7 мыңнан астамы ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуығы ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ге тартасы Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300 азамат Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді.

Әскери қызметке шақыру SMS және eGov порталындағы жеке кабинет арқылы жолданады. Шақыруды кейінге қалдыру және босату рәсімдері автоматты түрде жүзеге асырылды.

Қорғаныс министрлігінің Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, азаматтарды ақпараттандыру жұмысын жүргізді. «Қауырт желі» телефондары, жеке қабылдау және ақпараттық-түсіндіру кездесулері арқылы шақырылушылар мен ата-аналары сұрақтарына жауап алды.

Қарулы күштерде қызмет ететін жастар әскери дағдылармен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерді меңгереді. Несиелік міндеттемелері бар сарбаздарға несиелік демалыс беріледі. Қызметін үздік аяқтағандар мемлекеттік білім грантына ие бола алады.

Бұған мысал – елордада запасқа шыққан әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарында тегін білім алу сертификаттарын табыстау рәсімі. Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков сертификаттарды тапсырып: «Бұл құжат – сендердің адал қызметтеріңнің лайықты жемісі. Осы мүмкіндікті алда сенімді өсіп-өркендеу үшін пайдалана біліңдер», – деді.

2023 жылы басталған «Сарбаз 2.0» жобасы заң жүзінде бекітілген. Ол әскерде борышын өткерген азаматтарға ҰБТ тапсырмай, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Үздіктерге жатақханадан орын беріліп, шәкіртақы төленеді.

2023–2025 жылдары жүйеге 180 мыңнан астам әскери қызметші тіркелген. «Көктем-2025» шақыруы аясында 18 мыңнан астам адам грант алды. Гранттар бөлінісі: Қорғаныс министрлігі – 492, Ұлттық ұлан – 493, ҰҚК Шекара қызметі – 112, Төтенше жағдайлар министрлігі – 28, Мемлекеттік күзет қызметі – 29 орын.

Ұқсас жазбалар

4 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі

4 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Атмосфералық фронттардың әсерінен республиканың көп жерінде…

Премьер-министр «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асу барысын қарады

Премьер-министр Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асу барысын қарады. Жиында экологиялық іс-шаралар мен қалдықтарды…

Астана айналма жолында 3-9 шілде аралығында қозғалыс шектеледі

3-9 шілде аралығында Астана айналма жолының 8-22 шақырым учаскесінде жол жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалысқа уақытша…