Басты тақырып

Кітап – креативті экономиканың негізі: елімізде жаңа стратегиялық серіктестік басталды

Сурет: Qazaq creative

Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зияткерлік ұлт қалыптастыру туралы Жарлығын іске асыру аясында елімізде кітап индустриясын дамытуға бағытталған маңызды қадам жасалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа қорлардың басшылары Ерлан Каналимов пен Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды.

Меморандумның басты мақсаты – кітап оқитын аудиторияны кеңейту арқылы зияткерлік өнімге сұранысты қалыптастыру, ұлттық әдебиетті қолдау және кітап индустриясының тұрақты дамуына жағдай жасау.

Ынтымақтастық аясында тараптар «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонын бірлесіп өткізіп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, оқырман қауымын кеңейтуге және әдебиет пен креативті индустриялар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізеді. Сондай-ақ форумдар, фестивальдер, көрмелер, шығармашылық кездесулер, дәрістер, семинарлар және басқа да мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Жобаның ауқымы ерекше: биыл республика бойынша 1 миллионнан астам азаматты кітап оқуға тарту жоспарланған. Әрбір қатысушы 15 кітапқа дейін оқиды, ал жобаға қазақ және орыс тілдеріндегі 300-ден астам шығарма енгізілген. Осылайша 15 миллионға дейін кітап оқылымын қалыптастыру көзделіп отыр.

«Бүгін қол қойылған меморандум – Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 наурыздағы Жарлығын іске асыру жолындағы нақты қадам. Бұл құжат кітап оқу мәдениетін дамытуға, ұлттық әдебиетті қолдауға және Қазақстандағы кітап индустриясының жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған маңызды әріптестіктің негізін қалайды. Креативті экономика шығармашылық өніммен ғана өлшенбейді. Оның негізінде идея, білім және зияткерлік меншік жатыр. Ал осы құндылықтардың қайнар көзі – кітап», – деді Ерлан Каналимов.

Бақытжан Тұрлыбеков кітап индустриясының тұрақты дамуы тұрақты оқырман аудиториясының қалыптасуына байланысты екенін атап өтті. «Біз авторларды, баспаларды және кітап дүкендерін қолдай аламыз. Алайда кітапқа деген тұрақты сұраныс қалыптаспайынша, саланың толыққанды дамуы мүмкін емес. Сондықтан біздің басты міндетіміз – миллиондаған азаматты кітап оқуға тарту арқылы жаңа оқырман мәдениетін қалыптастыру», – деді ол.

Тараптар серіктестік аясында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді жобаларды бірлесіп іске асырып, әдеби шығармашылықты қолдау, тәжірибе алмасу және мәдени-ағартушылық бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыратын болады.

Көп оқылғандар