Сурет: Egemen Qazaqstan
«KEGOC» АҚ жүйелік операторы ұлттық электр торабын күзгі-қысқы кезеңге дайындау мақсатында ауқымды жөндеу науқанын жүргізеді. Биыл республика бойынша 589 энергетикалық нысанды жөндеу жоспарланған. Бұл жұмыстар ұлттық электр торабының сенімділігін арттырып, тұтынушыларды күзгі-қысқы ең жоғары жүктемелер кезінде үздіксіз әрі сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«KEGOC» акционерлік қоғамына қарасты «Шығыс ЖЭТ» филиалында алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Филиал Шығыс Қазақстан және Абай облыстарын тұрақты әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Оның теңгерімінде 500 кВ үш қосалқы станса, 220 кВ төрт қосалқы станса, сондай-ақ ұзындығы 1 974 шақырымды құрайтын әуе электр желілері бар. Мамандар осы энергетикалық нысандардың қалтқысыз жұмыс істеп тұруы үшін жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
Биыл филиалға қарасты 41 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуге тиіс. Бүгінде оның 31 нысанында жұмыс толық аяқталған.
«KEGOC» АҚ «Шығыс жүйеаралық электр тораптары» филиалының бас инженері Ерлан Ысқақовтың айтуынша, жөндеу бағдарламасының сапалы әрі уақтылы орындалуы нысандардың алдағы күзгі-қысқы кезеңге сенімді қызмет атқаруына мүмкіндік береді.
– Біздің филиалдың негізгі міндеті – Шығыс Қазақстан және Абай облыстарын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету. Бекітілген кестеге сәйкес жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының 76 пайызы орындалды, – дейді бас инженер.
«KEGOC» АҚ-ның электр жеткізу әуе желілері әрдайым жазық далада орналаспаған. Олардың бірқатары таулы әрі жетуі қиын аймақтар арқылы өтеді. Энергетиктер кейбір учаскелерге арнайы техниканың көмегімен жетсе, ал қолжетімсіз жерлерге жаяу жетеді.
Бұл жолы жөндеу бригадасы «Бұқтырма – Өскемен» бағытымен өтетін электр желісінде 138-ші тіректе оқшаулағыштарды ауыстыру жұмыстарын жүргізді. Бригада құрамында бес маман бар: үш электрмонтер, бір шебер және автогидрокөтергіштің жүргізушісі. Солардың бірі – 6-дәрежелі әуе электр желілерін жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электрмонтёр Танат Абдуашев.
– Мұнда керілмелі оқшаулағышты ауыстыру жұмыстарын жүргізудеміз. Мен барлық технологиялық талаптардың сақталуына және жұмыстың қауіпсіз орындалуына жауап беремін. Жұмыс аса күрделі емес. Дегенмен биіктікте және электр беру желілерінде жұмыс істеу кезінде барынша мұқият болу керек және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет, – дейді маман.
Энергетиктердің бұл жұмыстары сырт көзге байқала бермеуі мүмкін. Алайда олардың күн сайын атқаратын еңбегі еліміздің энергетикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
«Шығыс ЖЭТ» филиалында 2012 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан 6-разрядты электрмонтёр Ғафур Қожасейітов энергетика саласындағы еңбек жолын қарапайым электрмонтёр болып бастаған. Бүгінде ол өз тәжірибесімен жас мамандарға үлгі көрсетіп жүр.
– Біздің жұмысымыз ерте көктемнен басталып, қара күзге дейін жалғасады. Негізгі міндетіміз – электр желілерін күзгі-қысқы кезеңге дайындап, олардың тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта «Бұқтырма – Өскемен» бағытымен өтетін электр желісінде 138-ші тіректе жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық техника мен қажетті құрал-жабдық алдын ала тексеріледі. Бұл жұмыстардың қауіпсіз әрі сапалы орындалуына мүмкіндік береді, – дейді ол.
Жалпы, «KEGOC» компаниясы республика бойынша қазан айына дейін электр желілері кешенінің 589 нысанында жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр. Нысандардың қысқы кезеңдегі ең жоғары жүктемеге дайын екенін растайтын тиісті дайындық паспортын алу жоспарланған.
Жөндеу бағдарламасы аясында 100 электр беру желісін, қосалқы стансалардың 38 бірлік жабдығын, 107 ғимарат пен құрылысты, 337 автокөлік бірлігін және басқа да негізгі құралдардың 7 бірлігін жөндеу жоспарланған.
Сонымен бірге, компания апаттық жағдайларға арналған қажетті материалдар, қосалқы бөлшектер мен конструкциялардың қорын қалыптастырып, трансформатор майы мен жанар-жағармай материалдарының қажетті көлемін алдын ала дайындайды.
Энергетикалық қауіпсіздік – күн сайын атқарылатын жүйелі жұмыстың нәтижесі. Желі уақтылы жөнделіп, ақау дер кезінде жойылса, электр қуатының тұрақты берілуі де қамтамасыз етіледі. Бұл ретте энергетика саласының мамандарына жүктелер жауапкершілік жоғары.
Мазмұнға өту
