Қоғам

Kaspi.kz-те әскери есеп туралы анықтама алу мүмкіндігі пайда болды

Сурет: Kaspi.kz

Kaspi.kz суперқосымшасында енді «Азаматтың әскери қызметке қатынасы туралы мәліметтер» анықтамасын алуға болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл құжат оқуға түсу, жұмысқа орналасу, зейнетақы мен жәрдемақыларды ресімдеу кезінде, сондай-ақ басқа да жағдайларда қажет болуы мүмкін.

«Біз клиенттеріміздің күнделікті міндеттерін жеңілдетуге тырысамыз. Қажетті құжатты мобильді қосымшадан алу мүмкіндігі уақытты үнемдеп, артық әрекеттен арылтады. Қорғаныс министрлігіне бірлесіп жасаған жұмысы үшін және сүйікті клиенттерімізге сервистерімізді күн сайын пайдаланғаны үшін рақмет айтамыз», деді Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе.

Қорғаныс министрлігі мобильді қосымша арқылы анықтама алу мүмкіндігін цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамытудағы тағы бір қадам деп бағалады.

«Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы «Азаматтың әскери қызметке қатынасы туралы мәліметтер» анықтамасын алу мүмкіндігі – бұл бағыттағы тағы бір қадам. Біздің міндетіміз – азаматтардың қажетті мемлекеттік қызметтерге жылдам, қауіпсіз әрі ыңғайлы қол жеткізуін қамтамасыз ету», деді Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков.

Қазақстан азаматтары әскери есеп туралы анықтаманы 17 жастан бастап ала алады. Сервис туралы толық ақпаратты Kaspi Гид-тен алуға болады.

Көп оқылғандар