Басты тақырып

Камбоджа Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Сурет: Ақорда

Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференция аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Камбоджамен достық пен өзара құрметке негізделген серіктестікті жоғары бағалайтынын айтты. Ол екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен әлеует бар екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, тауар айналымын арттыруға ауыл шаруашылығы, тоқыма өндірісі, туризм, құрылыс, тағам өнеркәсібі және көлік-логистика сияқты салалар ықпал ете алады. Қазақстан бидай, тыңайтқыш және басқа да аграрлық өнімдерді жеткізуді ұлғайтуға дайын.

Сонымен қатар, БҰҰ электрондық үкіметті дамыту индексінде үздік 24 елдің қатарына кіретін Қазақстан озық технология саласындағы тәжірибесімен бөлісуге әзір. Мемлекет басшысы «Қазақстан-Қытай цифрлық көпірі» жобасын іске қосуды ұсынды.

Премьер-министр Хун Манет Камбоджаның Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін растады. Ол екі елдің үкіметтері мен іскер топтары арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызына тоқталып, бірлескен жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу барысында Президент пен Премьер-министр жаһандық және аймақтық құрылымдар аясындағы ынтымақтастық жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК қызметіне қолдау көрсеткені үшін Камбоджа тарапына алғыс білдіріп, Астананың БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құру бастамасын айтты.

Кездесу соңында Хун Манет Қазақстан Президентін өзіне қолайлы уақытта Камбоджаға сапармен келуге шақырды.

Көп оқылғандар