Қоғам

ІІМ «Кітап оқитын ұлт» жобасына қосылып, полиция қызметкерлері марафонға қатысады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Ішкі істер министрлігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры бірлескен жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құжатқа Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков пен қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды. Жоба «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып, Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.

Меморандум бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлері «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағытындағы республикалық кітап оқу марафонына қатысады. Алты ай ішінде олар 15 кітап оқып, пікір алмасып, зияткерлік іс-шараларға қатысады. Бұл мемлекеттік қызметшілердің тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға және өзін-өзі дамытуға көмектеседі.

Жобаның тиімділігі бұған дейін де дәлелденген. 2025 жылы пилоттық кезең Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында өтіп, 189 мыңнан астам адамды қамтыды. Пилоттық кезең қорытындысы бойынша Қостанай облысы Полиция департаментінің қызметкері Гүлзат Мұстафина II орын, ал Теміртау қаласы ТЖБ өрт сөндіру бөлімінің бастығы Владимир Конев III орын алды.

ІІМ министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков кітап оқудың полиция қызметкерлері үшін маңызды екенін атап өтті.

«Кітап оқу — полиция қызметкерінің кәсіби және рухани дамуының маңызды негізі. Ол білімді жетілдіріп, ой-өрісті кеңейтеді, патриоттық рух пен жауапкершілік сезімін нығайтады. Ішкі істер министрінің тапсырмасымен 2024 жылдан бастап бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Министрлікте және өңірлік департаменттерде кітапханалар ашылды. Полиция қызметкерлері кітап оқуға қызығушылық танытып, ай сайын жаңа кітап оқып жүр. Сонымен қатар министрлікте жыл сайын детектив жанрындағы «Серт» конкурсы өткізіледі. Үздік шығармалар кітап болып басылып, министрлік шығарған еңбектер цифрлық кітапханаға енгізілуде», деді ол.

Қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков бұл бастаманың маңыздылығын жеткізді.

«Оқу мәдениетін дамыту – Мемлекет басшысы айқындаған жалпыұлттық міндет. Біз үшін Ішкі істер министрлігінің жобаға қосылуы ерекше маңызды. Полиция қызметкерлерінің марафонға қатысуы қазіргі мемлекеттік қызметшінің тек өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сонымен қатар білімге, дамуға және өзін-өзі жетілдіруге ұдайы ұмтылатын тұлға екенін көрсететін жарқын үлгі болады деп сенемін», деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл ынтымақтастық кітап оқу мәдениетін дамытуға және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға жаңа серпін береді.

Көп оқылғандар