Сурет: ашық дереккөз
Бүгін Корея Республикасының Пусан қаласында Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының 90-шы Дүниежүзілік кітапханалық-ақпараттық конгресі – IFLA WLIC 2026 өз жұмысын бастады. Шара 13 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Биылғы конгрестің тақырыбы – «Libraries Powering Transformation» («Кітапханалар – трансформация қозғаушысы»). Қазақстан кітапханалар Одағы IFLA-ның ресми мүшесі ретінде халықаралық кәсіби алаңға белсенді қатысуда. Конгреске елімізден 40-қа жуық кітапхана маманы қатысып, ТМД елдері арасында ең үлкен делегацияны құрады.
Ғылыми бағдарлама кітапхана ісінің даму бағыттарын айқындайтын өзекті мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, ұлттық кітапханалар мен ұлттық библиографияны дамыту, халықаралық библиографиялық және метадеректер стандарттарын жетілдіру, каталогтаудың жаңа модельдері, ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект технологияларын кітапхана қызметіне енгізу мәселелері басты бағыттар ретінде белгіленді.
Қазақстан делегациясының конгреске қатысуы әлемдік озық тәжірибелерді зерделеуге, халықаралық кәсіби байланыстарды кеңейтуге және заманауи стандарттар мен технологияларды отандық кітапханаларға енгізуге мүмкіндік береді. IFLA-ға мүшелік Қазақстанның халықаралық кітапхана қауымдастығындағы өкілдігін нығайтып, отандық кітапхана ісін әлемдік үрдістермен үйлестіре дамытуға ықпал етеді.
Еске салайық, маусым айында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кітапханалардың қызметіне жан-жақты талдау жүргізуді тапсырған болатын. Сондай-ақ, елімізде электронды кітапхананы пайдаланғандар саны 3,6 миллионнан асты.
Мазмұнға өту
