Әлем

Гонконгтың «Cathay» әуе компаниясы Қазақстанға жүк және жолаушылар рейстерін ашады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Көлік министрлігі халықаралық әуе қатынастарының географиясын кеңейту және жаңа шетелдік әуе тасымалдаушыларын тарту бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Осы мақсатта Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева «Cathay» (Гонконг) әуе компаниясының Таяу Шығыс өңірі бойынша өңірлік менеджері Оливер Коэльомен кездесті.

Кездесуде Оливер Коэльо 2026 жылғы 1 тамыздан бастап «Боинг-747» әуе кемелерімен аптасына 5 рейске дейін Астанаға тұрақты жүк рейстерін ашу жоспарын хабарлады. Сондай-ақ 2027 жылғы қаңтардан бастап «Эйрбас-330» әуе кемелерімен аптасына 3 рет Гонконг – Алматы бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін іске қосуды жоспарлап отыр.

Салтанат Томпиева Қазақстан тарапы аталған жобаларды іске асыруға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жүк және жолаушылар рейстерін іске қосу үшін қажетті рәсімдерді бірлесіп жалғастыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Гонконг арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты сақтауға келісті.

Жаңа рейстердің ашылуы сауда-экономикалық және туристік байланыстардың дамуына, логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюіне, сондай-ақ Қазақстан мен Гонконг арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді.

«Cathay» Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы және Азиядағы ең ірі халықаралық әуе тасымалдаушыларының бірі. Компания еншілес кәсіпорындарын қоса алғанда 237 әуе кемесін пайдаланады және 100-ден астам бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырады. Cathay Cargo 41 бағыт бойынша тұрақты жүк тасымалдарын орындайды, жыл сайын 1,67 миллион тоннадан астам жүкті тасымалдап, әлемдегі жетекші әуе жүк операторларының қатарында.

Көп оқылғандар