Сурет: magnific.com
Қазақстанда ғылымды қаржыландыруға жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша бірнеше жауапты тұлға қызметінен босатылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржановтың мәліметінше, соңғы үш жылда ғылым саласын қаржыландыру кезінде 51 млрд теңгенің заңбұзушылығы анықталған. Аудит барысында оның 37,7 млрд теңгесі қалпына келтірілген. Қалған қаражатты 2027 жылдың бірінші тоқсанында қайтару жоспарланып отыр.
«Үш жыл ішінде 51 млрд теңгенің заңбұзушылығы анықталды. Аудит барысында оның 37,7 млрд теңгесі қалпына келтірілді. Қалған қаражатты 2027 жылдың бірінші тоқсанында қайтаруды күтіп отырмыз. Ол үшін тиісті нысандар бойынша берілген нұсқамалардың орындалуын қамтамасыз ету қажет», деді Нұрлан Нұржанов.
Аудит қорытындысы бойынша төрт адам қызметінен босатылған. Тағы екі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 18 адамға қатысты да осындай шара қолданылған. Сонымен қатар үш материал процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.
Саясат Нұрбек қызметінен босатылғандардың қатарында Ғылым институтының төрағасы, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының басшысы және Ғылым қорының жетекшісі бар екенін нақтылады. Сондай-ақ ғылым саласындағы процестерді ұйымдастыруға жауапты өзге де тұлғалар қызметінен кеткен.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ғылыми жобаларды қаржыландыру кезінде 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы тіркелгенін мәлімдеген. Бұдан бөлек, 47 млрд теңге көлеміндегі қаражатты жоспарлау мен пайдалану тиімсіз болғаны белгілі болды.
Мазмұнға өту
